Бүгінде Моңғолияда 120 мыңнан астам қазақ тұрады. Моңғолия қазақтары арасынан 24 ғалым, 61 ғылым кандидаты, 26 Еңбек ері, 71 еңбек сіңірген қайраткер, 8 мемлекеттік сыйлықтың иегері шықты. Өмірбек Биқұмарұлы – тарих ғылымдарының докторы. Моңғолиядағы мұғалімдер жоғарғы мектебін тарих-әдебиеттанушы мамандығы бойынша тәмамдаған ол бүгінде Моңғолия Ғылым академиясының Баян-Өлгей аймағындағы бөлімшесі Қоғамдық-экономикалық зерттеу орталығының тарих және тіл бөлімінің меңгерушісі. Сондай-ақ, ғалым Биқұмар Камалашұлы атындағы «Түркітану» ғылыми-зерттеу ұйымының төрағасы.
– Өмірбек, атажұрттан жырақта қазақ пен түркінің тарихын зерттеп жүрген жайың бар екен…
– Әкем осы орталықтың құрылуына мұрындық болып, еңбек сіңірген. Әкемнің аманатын арқалап жүрмін десем де болады. Ұйым 2000 жылы құрылғаннан бастап, күні бүгінге дейін Моңғолия қазақтарының салт-дәстүрін зерттеумен айналысады. Тегі түркі жұрттың тарихын зерттеген 1700-ге тарта кітап дайын болды.
– Тарихты қадірлеу жат жердегі барлық жастарға тән қасиет пе?
– Орынды сауал. Өкінішке қарай, мені жастардың арасындағы ғылым-білімге деген талаптың аздығы қынжылтады. Әрине, бәрі бірдей тарихшы болсын демеймін. Бірақ, өздерінің ата-баба дәстүрін сақтаса, тарихты біліп, салт-дәстүрді ұстанса деймін. Олар мұны онша мақсат тұтпайды. Көбі сауда-саттықты төңіректеп кетті.
– Орталықтың арқалаған жүгі қандай?
– Моңғолиядағы қазақ халқының салт-дәстүрлерін зерттеу – негізгі нысанамыз. Көне түркі дүниесін ғылыми айналымға түсіргіміз келеді. Қазіргі таңда марқұм әкемнің «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты академиялық басылымын жариялауды мақсат тұтып отырмын. Көне көк түркінің атамекеніндегі тарихи, мәдени ескерткіштерді зерттеумен айналысудамыз. Моңғол жерінде кісі тастар, сынтастар, сына тастар, бұғы тас, көргісүрлер, жартастарға қашап салған сұлба суреттер көп-ақ. Мұның әрқайсысы бір-бір тарих екені даусыз. Жалпы түркітектес тайпалардың этнографиясы мен тарихы сан қатпарлы, аса бай, зерттей білсең тылсымына тарта беретін қызықты сала.
– Баян-Өлгейлік жастар немен айналысады? Олардың болашаққа деген көзқарасы қандай?
– Біразы мал шаруашылығымен айналысады. Ал шамасы жеткен жұрт балаларын шетелде оқытуды жөн көреді. Оқығандар сол елдерде қалып, тіршілік етуде. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде де көптеген студенттер оқып, білім алуда. Семей, Өскемен, Алматы, Астана қалаларына жыл сайын 150-200-ге тарта бала барып, оқиды.
Алайда оқыған мамандығы бұл жерге сәйкес келмегендіктен, моңғолша тіл білмеушіліктен Қазақстанға кері қайтып жатқан жастарымыз көп. Бұл бір жағынан, жақсы болар. Бірақ, ата-анасы Моңғолияда, өздері қазақ елінде, екіге бөлініп күн көруде. Жастарымыздың көбі астанамыз Ұланбатардан оқып келгендер. Моңғол азаматымен тең құқықта білім алғандар.
Жастардың болашаққа деген үміті зор. Моңғол ұлысында оқығандар келешекте осы елде тұрақты, жоғары жалақылы жұмыс атқарғысы келеді. Ал Қазақстанда немесе басқа елде оқыған азаматтар шетелде жұмыс істеуді дұрыс көреді. Бірақ олардың бәріне бірдей ондай мүмкіндік жоқ.
– Оқу-білім іздегісі келетін жастарға жағдай жасалған ба?
– Оқу-білім іздегендерге жол ашық. Моңғолия – демократиялық жолды таңдаған ел. Англияның, АҚШ-тың стандарттарын білім саласына енгізіп отыр. Қазір мемлекет тарапынан шетелде оқығысы келетіндерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Үкімет жастарды кейбір елдерде арнайы оқытуда.
– Моңғолия басшылығының қазақтарға деген көзқарасы қандай?
– Моңғолия басшыларының көзқарасы оң. Олар түбі бір туыстас ел екенімізді біледі. Моңғол ұлысының Ұлы құрылтайында, Үкіметте қазақ азаматтары бар. Басқа да жоғарғы лауазымда қазақтар баршылық.
– Қазақ жастары өздерін қандай салада жақсы жағынан көрсете алуда?
– Жастар өздерін бизнес саласында танытып жүр. Саясатпен айналысатындар да бар.
– Баян-Өлгейлік жастардың қазақстандық жастармен қарым-қатынасы қандай?
– Қазақстанмен байланыс соңғы жылдары үзіліп қалғаны рас. Бұрын Шығыс Қазақстан облысы Семей мемлекеттік институтымен және ШҚЖО-мен бірлесіп Баян-Өлгейде екі жылдай ғылыми-конференция ұйымдастырғанбыз.
Қазақстаннан ақпаратты күнделікті алып отырамыз. Жастарымыз интернет арқылы жүзеге асып жатқан жобаларды біліп отырады. Қазір Қазақстан 2025 жылға дейін латын алфавитіне көшу туралы айтып отыр. Бұл, әрине, Қазақстанның өз ісі. Бірақ біз атажұрттағылардың латын әрпіне көшуіне қарсымыз. Себебі біз кириллицамен жазамыз. Барлық оқу құралы, кітап осы қаріпте. Моңғол ұлысы да кириллді қолданады. Қытайдағы қазақтар да төте жазуды қолданатыны белгілі. Олар кириллицаны оқи алмай, қиналып жүргенде енді латынға көшсе не болмақ? Моңғолдар бүгінгі таңда өздерінің көне жазуы Хуучин бичиг/көне бітік жазуын қатар қолдануда. Олар мемлекеттік іс қағаздарын, құжаттарды екі қаріпте, яғни кириллица мен ескі жазу түрінде жазады. Бұл Президенттің жарлығымен бекітілген. Моңғолдардың құжаттарға өз жазуын қолдануын халықаралық қауымдастық та құптайды. Осы ретте атажұртта көне көк түркі жазуы – руникалық бітікті неге қолданбасқа?
– Баян-Өлгейлік қазақ жастарының қазақ тіліне ықыласы қандай?
– Мемлекеттік тіл – моңғол. Ал қазақтардың өз тілінде еркін сөйлеп, жазуына заңдық мәртебе берілген. Сол себепті Білім және ғылым министрлігінің құрамында мемлекет тарапынан қазақ балаларына көмектесетін Қазақ зерттеу секторы жұмыс істейді. Олардың атқаратын ісі – қазақ балаларының білім алуына қолдау көрсету.
– Алдағы мақсатың қандай?
– Қазақстан мен моңғол ұлысының арасында әлі күнге ғылым мен білім саласында ынтымақтастық келісім-шарты жасалмаған. Сол себепті жастарға ғылым саласында жол ашылмай отыр. Екі ел арасында осы салада қарым-қатынас артса екен деп армандаймын.
Әңгімелескен Гүлшат Әбжәлелқызы



