Close Menu
Nomadtimes.kz ақпараттық агенттігіNomadtimes.kz ақпараттық агенттігі
  • Басты бет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Тарих
    • Қазақ шежіресі
    • Қазақ хандары
    • Қазақ рулары
    • Тұлғалар
  • Тағылым
  • Руханият
    • Әдебиет әлемі
  • Ғылым-білім
  • Спорт
  • Сұхбаттар
  • Media
    • Бейнежазбалар
    • Фоторепортаж
  • Кітапхана
Facebook X (Twitter) Instagram
Nomadtimes.kz ақпараттық агенттігіNomadtimes.kz ақпараттық агенттігі
Facebook X (Twitter) Instagram
  • Қазақ тілі
    • Қазақ тілі
    • Русский
  • Басты бет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Тарих
    • Қазақ шежіресі
    • Қазақ хандары
    • Қазақ рулары
    • Тұлғалар
  • Тағылым
  • Руханият
    • Әдебиет әлемі
  • Ғылым-білім
  • Спорт
  • Сұхбаттар
  • Media
    • Бейнежазбалар
    • Фоторепортаж
  • Кітапхана
Nomadtimes.kz ақпараттық агенттігіNomadtimes.kz ақпараттық агенттігі
Басты бет»Сұхбаттар»«Қазақтың сұлу жанына түскен дерттің дауасы бар ма?..»
Сұхбаттар

«Қазақтың сұлу жанына түскен дерттің дауасы бар ма?..»

20/09/20130

«Қайғысы – азық, ермегі – шер болған» қазақ баласының қилы-қилы тарихын көзімен көріп, үркін-қорқын заман бейнесі көкірегіне шер болып қатқан қариялардың жер басып жүрген уақыты білген кісіге – бардың соңы, жоқтың басы. Ертең естелік терезелерінен сығалап, еміс-еміс өткенді еске алғанымызда – ұтқанымыз бен ұтылғанымыздың нарқы мен парқы талғамның таразысына өзі-ақ тартылып тұрар.
Оралханша ойланғанда «неге біз осы» бейғам да, бейтараппыз… Осы ойдың құшағына сіңіп, сылбыр уақытымызды сілкіп, сілкіп қалғанымызда Уақап Қыдырханұлының сексеннің сеңгіріне аяқ басқаны санамызға сап етті. «Әңгімелесіп қайтайыншы…». Ойымыз алдамапты. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Зайсан қаласының Құрметті азаматы Уақап Қарияның әңгімесінен айызымыз қанып қайтты…
– Аға, сексенге келген бар, келме­ген бар, біраз өмір ғой. Әңгімені сонау тарих қойнауына сіңіп бара жат­қан дәуірлерден бастасаңыз…
– Айналайын, біз көп нәрсені бас­тан кешкен адамдармыз. Менің тағдырым, өмір жолым күрделі. 1932 жылы Зайсанда туыппын. Небары төрт айлығымда шекара асыппын. Былайша айтқанда маған туған жердің тал бесігі бұйыр­мап­ты. Отанға, елге деген сағыныш сәбиі­міз­ден санамызға сіңді, жүрегімізді шы­мырлатты. Жиырма үш жылым арғы бет­те өтті. Әкем әжептәуір оқымысты адам болған. Баяғыда 1904-1907 жылдары Міржақып Дулатов Зайсанға келіп, бала оқытқанда, сол кісіден сабақ алыпты. Медресе тауысқан. Совет өкіметі орнаған кезде ол кісі ел де басқарған. Кейін аға-бауырлары тап жауы саналып, оның үстіне 1932 жылғы аштықта арғы бетке үдере көшкен елді ұйымдастырушы саналған әкемді тұт­қындайды. Әкемді Зайсанға жеткізбей, атқораға қамап қойған жерінен 16 жас­тағы ұлы ұрлап алып шығып, арғы бетке өте шығады. Ол кезде мен іштегі бала екенмін. Әкеміз арғы бетке өтіп кеткесін бізді тыныш қоя ма, шешемізге маза бермей, күнде тексереді екен. Жарық­тық мені өмірге әкелгенде тау ара­сын­дағы бір малшының үйінде босаныпты. Көктем шыға әкеміз бізді де арғы бетке өткізіп алыпты. Сонымен біраз ғұмы­ры­мыз сол жақта өтті. Абайдың:
«Балалық өлді, білдің бе?
Жігіттікке келдің бе?
Жігіттік өтті, көрдің бе?
Кәрілікке көндің бе?», –
дейтіні бар ғой, сол секілді біз балалықты арғы бет­те арулап көмдік. Жігіттік шақтың да бі­разын арғы бетте өткіздік. Үркін-қор­қында Зайсанға жақын Қазының Көк­тоғайы (арғы бетте) деген жерге көшіп барғанбыз. 1945 жылы Шығыс Түркістан үкіметі құрылғанда Алтайға табан тіредік. Кейін Құлжа қаласындағы «Білім жұрты» деген мектептен білім алдым. Несін айтасың, Оксфордте оқып келгендей болушы едік. 1950 жылдары Алтайға қайтып келіп, қазақ орта мектебін аштық. Кейін Үрімжіге барып, партия мек­тебін бітіріп, «Шыңжаң» газетінде, Шыңжаң халық радиосында қазақ бөлі­мін құрып, әрі редакторлық жұмыс­тар ат­қардым. 1955 жылы 23 жасымда ал­ғашқылардың бірі болып, атажұртқа қоныс аудардық. Әкелеріміз оқымысты адам болды. Мені бес жасымда мед­ре­сеге берді. Төрт жылдық дін оқуымен кейін гимназияға оқуға түстім. Ол кезде гим­назия жетінші сыныптан кейін қа­былдайтын.
– Сол кездегі Алтайдағы қазақ ағартуы жайлы кеңірек тоқтала кет­сеңіз.
– Ол кезде Алтайды мекендеген қай­мағы бұзылмаған, феодализммен өмір сүріп жатқан жалпақ ел еді ғой. Малдан басқа тіршілікпен айналыса да бермей­тін. Ол халықтың сауаты шамалы болатыны белгілі. Сол халыққа көп пай­дасы тиген көкшетаулық Сейтқазы Нұр­таев деген азамат болған. 1909 жы­лы ол кісіні Абайдың ауылында жүр­ген­де Мәми бейсі шақыртып алады. Сейт­қазы 1936 жылға дейін Алтайда ағарту­­­шылықпен айналысады. Көп зиялылар, оқымыстылар Сейтқазыдан сабақ алды. Отызыншы жылдары осы жақтан барған интеллигенттердің барлығы Алтайға барып тиянақтады. Мысалы, Шәкәрімнің Зияты, Ережеп Әбдікәрім болыстың Мәскеуден, Ленинградтан Әуезовтермен бірге оқып келген балалары Қамбар Шабдановтардың Алтай қазақтарын ағартуға үлестері зор болды. 1936 жылдары Шәріпхан Кө­гедей бастаған ұлт зиялылары мектеп ашып, медресе салдырды. Шәріпхан – ханның тұқымы, ұлт зиялысы. Ол кісі Алтайды ғана емес, арғы беттегі мұқым қазаққа шарапаты тиген адам. Үрімжіде де қазақ-қырғыз мектебін ашты. Ұлт үшін құрбан болды. Қырқыншы жылдары Үрімжі түрмесінде қинаумен өлтірілді. Шәріпханның қазасын естіген анасының сай-сүйекті сырқырататын:
«Ойласам алтын Алтай оралда жоқ,
Ақ иық ұшарда бар, қонарда жоқ.
Көңілімді қалай ғана жұбатармын,
Болмаса құба балшық молаң да жоқ», – деп келетін зары ел ішінде айтылып жүретін. Ұлы адам ғой.
Бұл әңгімеден оған дейін ол жақта білімді адам болмады деген түсінік тумауы керек. Бір Мәмидің өзін айт. Мә­миді – елдің ақылы, Оспанды – елдің қай­раты деп есептейтін жұрт. Ақыт қажы, осы жақтан барған Арғынбек Апашбайлар ғұламаның өзі еді. Ғаббас деген мүфти болды. Ұлты башһұрт болуы керек. Өте ірі тұлға. Еуропада, Иранда, Түр­кияда, Каирде ілім алған. Араб, парсы, француз, орыс, қытай тілдерін білген. Сурет өнерін де жетік меңгерген. Оның бүкіл идеясы – қызыл үкіметке қарсы. Дінді жояды, азғындыққа апарады деп, осы жақта болсын, арғы бетте болсын күресіп өткен. Совет өкіметі орнаған соң, 1926 жылы Зайсан арқылы арғы бетке өткен. Алтайда бала оқытып жүріп, Оспан батырды табады. Оспанның өзі де өте діндар адам. Ғаббасты әрі молдасы, әрі ақылшы, серігі қылған. Тілге жетік қой, Оспанның Америка, Франция, Қытай өкіметтерімен болған келіссөздерінде маңызды роль атқарған деп айтады.
– Айтпақшы, сіз Құран-Кәрімнің тәр­жімасын жасадыңыз. Сол туралы да айта кетсеңіз. Бұрынғы қазақ пен қа­зіргі қазақ мұсылмандығы туралы не айтасыз?
– Сөздің басында айтқанымдай төрт жыл медреседе оқыдым. Жеті жасымда намазға жығылдым. Сол төрт жылда араб­тың хадимін де, жәдитін де, төте жазуын да игердім. Төрт жылда Құранды төрт рет тәпсірімен аударып шықтым. Ол кезде қара танитындардың бәрі Құран мағынасын білетін. 1988 жылы Түркия­дан Халифа Алтайдан Құран аударма­сының қолжазбасы келді. Сонша еңбек­тенгені көрініп тұр, жылап жібердім. Кейбір сөз, сөйлемдерін түзетіп, бастан-аяқ қарап жатқан уақытымда «аударып көрсең» деген өзіме де ұсыныс түсті. Өзбекәлі Жәнібек қасыма мүфти Ратбек қажыны қосып берді. Бұрынғыдай емес арабшаны да ұмыта бастағам, тәпсірімен салыстырып жүріп біраз еңбек етуге тура келді… Мен 1999 жылы қытайға бар­дым. Сол жолы Құранның Қазез Ақытұлы аударған нұсқасын, ұйғырша аудармасын да ала келдім. Өзім аудар­ған нұсқамен салыстырып көрдім. Еркін аударылғаны ең үлкен ұқсастығы болды. Алланың әмірінсіз ештеңе болмайды ғой, бұ да болса Жасағанның маған бер­ген сыйы. Дініңіз де, диаспораңыз да тәуелсіздікпен бірге келіп жатыр…
Бұрынғы қазақтың таза мұсылман­дығынан көз жазып қалдық па екен деп ойлаймын кейде. Мұсылмандық – жү­ректің шаруасы. Осы дін бізге кім ар­қылы жетті? Әрине, ата-бабамыз арқы­лы жетті. Сол ата-бабамыздың барлығы діни оқу орнын бітірмеген. «Ала қойдың кеудесі, қара қойдың кеудесі. Мен Құ­дайдың пендесі» деп те намаз оқыған қазақ болған. Сол адамдардың Жарату­шыға сенімі, дінге беріктігі бізден әлде- қайда артық. Ол – таза сенім, Алланы таза тану. Бізге сол жетіспейді-ау! Дін мен ғылымды дұрыс сабақтастырып ұға алмай жүрміз. Әйтпесе, бүкіл ғылы­мыңыз Құранда тұр. Құранда айтылма­ған нәрсе жоқ, бәрі айтылған. Құран – Хақ Тағаланың жерге жіберген жол­­­да­­масы, Жер бетінің Конституциясы. Діннің мәсе­лесі жүрекке байланысты. Дінсіз адам – дыңсыз жапырақ, дымсыз топырақ. Сенімі, нанымы жоғал­ған адамнан ештеңе шықпайды.
– Алғаш көпшілік қауым жылы қа­был­даған шығармаларыңыз туралы тоқтала кетсеңіз…
– Шамамызша, қадари халімізше қалам тарттық. Өмірімнің көбін қазақ баспасөзіне қызмет етуге арнаппын. Алпысыншы жылдары «Жол басы» деген жинақ шықты. Сол жинаққа қазақ әде­биетінің біраз мықтылары, бүгін алты Алашқа аты мәшһүр қаламгерлердің шы­ғармалары топтастырылды. Айталық, Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов дегендей. Бұл кітапқа менің «Ант» деген по­весім кірді. Ол шығармада біздің бүкіл ауылды қанға бөктіріп, жиырма үш адам­ның басын жұтқан қанды қырғын мен ол қырғыннан қашып шыққан он бір адамның (соның бірі өзіммін) тағдыры, тауқыметі баяндалады. Көз алдымда болған қанды қасапты қаз-қалпында хатқа түсірдім. Шерлі шежіре еді. Бұл оқиға 1945 жылы болды. Ол кезде біз­дің ауыл Ертістің Қазақстанмен шекараласатын түкпірінде отырды. Ішкерлеп Алтайдың Сауырына көшпекші болып отырғанда, бір жансыз барып Алтайдың Қабасындағы Гоминдаң әскерлеріне хабар береді. Оның құрамында баяғыда осы жақтан қашып барған ақтар да бар. Гоминдаң үкіметі оларды жалдамалы баскесер армия қып ұстап отырған. Сол армияны жібереді біздің ауылға. Оның бастығы біздің Шәміл деген атамызбен Зайсанда жүргенде ұстасып, қастасып, тісін басып жүрген қанпезер екен, ауылымызға ақырзаман орнатады. Ішінде үш баласы бар он бір-ақ адам аман қалыппыз. Биыл жазда сол бей­бақтардың басына барып, Құран оқып, белгітас қойып келдім. «Жол ба­сыдағы» жарияланған шығар­м­а­лардың ішінде әдебиетшілеріміз Шерханды, мені, тағы бірнеше жазушының дүниелеріне жақсы пікірлерін айтты. Кейін де біраз шығар­малар жаздым. Уақытымның көбін журналистикаға арнадым. Дегенмен де жеті, сегіз кітап жаздым.
– Қазақтың образды сөзін білетін адамдардың қатары жыл өткен сайын сиреп бара жатыр. Мұның әде­биет­­ке ықпалы қалай болады енді?
– Жазушылық тілге байланысты нәр­се. Тіл жоқ жерде жазушы жоқ. Образ жа­сайтын – тіл. Менің алғаш жазған, сыз­ғандарымның әдебиетшілеріміздің назарына ілігуінің себебі, қазақтың қара сөзін шамамша игере алғанды­ғымда болды-ау деп ойлаймын. Қазақта сөздің түрі көп. Образды сөйлеу, тол­қып сөйлеу, тебіреніп сөйлеу, мұңа­йып сөйлеу, ек­пін­деп сөйлеу, тұс­пал­дап сөйлеу деген­нің бәріне қазақтың тілі жетіп тұрды ғой. Алпысыншы жылы әдебиетке келген кісілердің барлығы дарынды адамдар еді. Ол жазушылардың тіл саптасы мен ойлау мәнерін, образ жасауын қазіргі жазушылардан таба алмайсың. Әрине, өмір болғаннан кейін өзгерістер де болады. Өткен күннің тұрмыс, тіршілігі, әлеу­м­еттік жағдайы, саяси ақуалы бас­қа. Қазір басқа. Ол кездегі тіл мәдениеті мен қазіргі тіл мә­дениетінің парқы жер мен көктей. Бұл күнде көбінде саяси тілмен, сөзді астарлап, кекесін, мұқа­сын­ға қарай бұра сөйлеу көп кез­десіп жатады. Баба тілі­нің бағзы қуаты қайда қазір? Өлімге көңіл айтқанының өзі үлкен әдебиет еді. Әсет Найманбайұлы Мәми бейсі қайтыс болғанда:
«Қолу Инна илаһа ражиғұн,
Өмірден ұшып кетті бір ақ тұйғын.
Үстінде алтын тұғыр сайрайтұғын,
Қыран ед гауһар жуған жал, құйрығын.
Қазаға сабыр сақта қалың Керей,
Ешкім де тоқтата алмас Хақ бұйрығын.Би еді Құдай өзі қойған сайлап,
Жүруші ед разы ғып жұртын жайлап.
Бұл елдің адасқанда тиянағы,
Ақылдың бастауы еді жатқан қайнап.

Зор панар адасқанның шамшысы еді,
Шабанның қасиетті қамшысы еді.
Аузы – төс,
тілі – балға,
тісі – қысқаш,
Наданның мінін қияр қайшысы еді.
Керейдің малын бақпай, халқын баққан,
Әрі би, әрі бейсі, жалшысы еді.
Шөлдегендер құмарын қандыратын,
Рахыматілік жаңбырының тамшысы еді», – дейді. Қандай керемет сөздер! Тұтас өмір, тіршілігі әдебиетпен астасып жататын халықтың бүгінгі жай-күйі қандай болды? Қайда бара жатырмыз? Қазақ­тың сұлу жанына түскен сызаттың, дерт­тің дауасы бар ма? Мәселенің үлкені – осы…
– Сыр-сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ырысбек Дәбей.  «Қазақ әдебиеті»

Share. Facebook Twitter LinkedIn Email VKontakte Telegram WhatsApp Threads Copy Link
Previous ArticleМәми бейсінің әділ шешімдері жайлы
Next Article Ғасырлар даусын арқалап , Мұра боп жеткен Жетіген

Оқи отырыңыз...

ДЖОН ВАН ’Т ШКИП: «ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ ЕСІГІ БАРШАҒА АШЫҚ»

12/08/20261

Берік Әбдіғалиұлы, саясаттанушы: Дәл қазір қазаққа нұрлы ақыл мен ыстық қайрат қажет

24/04/20151

«ҚАСҚЫРДЫҢ ҚАСҚЫРЛЫҒЫ ТІСІНДЕ ЕМЕС, ІСІНДЕ!..» (немесе Отпан таудың басында Көк Бөрі неге тұр?) Сабыр Адаймен сұхбат (үзінді)

22/04/20151
Фоторепортаж

Бейнежазба









Серіктестер
Бізбен байланыс
Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com
Жарияланған материалдарды сілтемесіз көшіруге болмайды.. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.
Demo
Top Posts

Есте қалар ел тарихы

20/07/201473

Шежіре — Оймауыт пен Бөгежіл руы

13/11/201464

Самырат шежіресі

30/09/201346
Stay In Touch
  • Facebook
  • YouTube
  • TikTok
  • WhatsApp
  • Twitter
  • Instagram
Latest Reviews

Subscribe to Updates

Get the latest tech news from FooBar about tech, design and biz.

Demo

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

Facebook Instagram YouTube WhatsApp Telegram
©2025 - 2026 / Nomadtimes.kz - ақпараттық агенттігі / Барлық құқықтар тіркелген.
  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Демеушілер

Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.